• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Наурыз, 2015

Айдын жырдағы  аққу жүрек

891 рет
көрсетілді

Қазақтың ұлы өзені Іленің бойында кіндік қаны тамып, аламан елінің сол Іледей сылқым ағысты сыршыл ақынына айналған Марфуға Айтхожинаның өмірінен де, өлеңінен де, білгенге бір керемет, сарқылмас аққу аңсар сезілері анық. Іле  – тағдырлы өзен, тарихи өзен. Ұлт мұратының ұлы зарлығы Мағжан мәңгі өлмес жырына қосқан өзен. Іле бастауын Шығыс Түркістаннан, Еренқабырға жоталарынан алады. Қазақ, қытай елдеріне ортақ өзен. Сол сияқты, біздің Марфуға апайымыз да тағдырлы ақын. Туып-өскен, балалықтың балдәуренін таңдайына татқан, шолпысын сыңғырлатып махаббатының лүпілін дүниеге тыңдатқан жері  – Құлжа қаласы, сағымды Сайрам көлінің жағасы, алыстағы қазақ жеріне асыққан Ақсу-Іленің жағасы. Сол кездерде Балқашқа асыққан Іледей, жас Марфуға да атамекенді аңсай жүріп өсіп еді, сол аңсаумен атажұртқа жетіп еді. Тағдырлы ақын дейтініміз осы. Ол жақта  – туған жер, бұл жақта  – атажұрт, Отаны. Екеуі де қасиетті. Екеуін де қимайды. Қайсысынан қол үзсе де ауыр. Марфуға ақынның аққу жүрегі атажұртты таңдады. «Қаншама адам жете алмай зар ғып өткен, Біздер көшіп келгенбіз Арғыбеттен... Арбасына ат емес, Атан емес, Құлындай шырқыратып жанды жеккен...»...   Осылайша, мәңгілік аңсар үшін жаралғандай ақын жүрегі қуана жүріп қамықты, қамыға жүріп қуанды, жаңа өмірдің сырларына қаныпты, өзінің адамдық та, ақындық та анық бақытын Атажұрттан тауыпты. «Атажұртым! Тау тұрғай тасың бөлек, Қуат беріп жаныма жатыр демеп. Аңсап жеткен осынау атажұртқа, Сағынышты армансыз басу керек», деп енді кемеліне келген ақын, жақсыны да, жаманды да көрген ақын Атажұртқа табыстырған тағдырына мың да бір ырзашылығын мың бір мәрте қайталап айтудан жазбай келеді. Бұл жайлар ақынның бір өзгеше өрнекті сипатын айқындайды. Атажұрттан аңсап тапқан байырқалы бақыты мен туған жерге деген толас таппас сағынышы соншама бір үйлесімділікпен өріліп келіп Марфуға Айтхожинаның ақындық сұлу ажар-келбетін мүсіндейді. Ақын тұлғасы осылайша өрлеп асқар биіктерге көтеріледі. Ол исі қазақтың сөзін сөйлеп, мұратын толғайтын кең тынысты азамат ақынға айналады. Парасат төрінен айбындана «Мен атынан сөйледім Қазағымның!», «Кенелермін күндерге шабысы мол, Болмаса да бұл шақта бар ісім оң. Кенесары, Абылай болмасам да, Ел намысы  – Менің де намысым ол!» деп шамырқанған аққу жүректен айналып кеткің келеді-ақ. Дегенмен де, дегенмен де дейміз-ау... Ақын өзі бір өлеңінде айтқандай, жүрек темір емес қой... «Жүруші едім тәңірге тілек қылып, Туған жерге тұрады Жүрек бұрып... Шығыс жаққа қараймын бой шымырлап, Алатауға арқамды сүйеп тұрып»... Туған жерден қаршадай қыз сонау 1958 жылы кеткен екен. Содан ат ізін салып, ана қабірінің басына тәу ету отыз жылдан кейін ғана мүмкін болған. Одан бері де ширек ғасырдан асып жығылыпты. Ақынның аққу жүрегі бұдан әріге шыдамаған. Өткен жылдың соңын ала, жөн-жобасымен, жол-жоралғысымен ақ қар, көк мұзда борандатып барып Құлжаның төрінде «Туған жерін аңсамайтын жан бар ма» атты шығармашылық ән-жыр кешін өткізіп қайтқан болатын. Содан бері айрықша ақынның жүзі шат, көңілі тасқын. Құлжадағы ағайын, бауырлармен қауышудың керемет сәттерін, шалқыған қуанышын қымыздай сапырып айтқан кезде сол ерекше жан тебіренісін көргеннің ғана емес, тыңдағанның да арқасы қозғандай. Ал осыған, арманның ақ туы желбіреген мерейлі сәтке жеткенге дейін қаншама қияпатты қиын жолдар жүріп өтті десеңізші... – Ол бір алай-түлей заман болған екен ғой,  – дейді ақынның өзі.  – Менің кіндік қаным қазіргі Шыңжаң өлкесі, қазақша айтқанда, Еренқабырға, Құлжада тамса да, барлық ата-бабаларым осы Қазақстанда туып-өскен. Ата қоныстары Талдықорған облысының, қазір Ілияс Жансүгіров дейді, Көкөзек, Ордабай дейтін жерлері. Жаз жайлаулары  – Бүркітті шыңының етегі, Мұздыбұлақ, атақты Ілияс, Ғали ақындар жырлайтын Қора тауы. Керек десеңіз, қажы атамның атымен Айтхожа жайлауы да болған. Аталарым жайлауға шыққан жердегі бұрқыраған жабайы арасанды Айтхожа арасаны дейді екен. Қажылыққа барған, ел сыйлаған, би, шешен болған кісі. Жұрт жазда барып арасанда емделіп, сол кісіге тәу етіп қайтады екен. Содан қиын заман орнап, ел басына қара күн туған ғой. Әйтпесе адам туған елді, Жетісудай керемет жәннат жерді тастап беті ауған жағына кете ме тегіндікпен? Сол алапат жылдарда алғаш совет өкіметі келіп кәмпеске жүргенде бай-құлақ деп қажы атамды 70 жасында қол-аяғын кісендеп итжеккенге айдайды. Әкемнің Шәймерден деген інісін атып жібереді. Әкем сол кезде Қарағаш мектебінде мұғалім болып жүрсе керек, оны кейінірек ұстайды, ал шешемді ешкіммен қатынастырмай, аса қауіпті халық жауының әйелі ретінде аңдуға  алады. – Әкеңізді неге сонша қауіпті санаған? – Оның қауіптілігі білімділігінде болса керек. Әкеміз орысша да, ескіше де сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу адам болған. Қапал уезінен 82 адамды айдап әкеліп, осы бірінші Алматының Мүттәйім бағы дейтін қалың тоғайының ішінде терең ор қаздырып, сонда қамапты. «Солардың ішіндегі ең қауіптісі Ғали Айтхожин. Ордабай – Көкөзекте мұғалім болып жүрген жерінде жапондарға жасырын ақпарат беріп жатқанында біз ұстадық» дейді. Архивтегі құжатта осылай көрсетілген. Әкемнің кейінгі әңгімелерінен білетінім, ордың бетін темір тормен жауып, ГПУ-дың солдаттары күзетіп жүреді. Күндіз жұмысқа айдап алып барады. Ал орды баспана қылғаны, жау деп ұсталған бейбақтарды қамайтын басқа орын қалмаған ғой. Әкемнің анасы, қажы атамның бауырына салған үлкен ұлы Шаяхметтен басқа балаларының бәрі ашаршылықта өліп кеткен. Ол ағаларым  – Төретұрсын, Балатұрсын, Құдиярхан, Айтмұхаммед, Гүлмануар әпкем, төрт ұл, бір қыз, аруақтары риза болсын. Өмірбақи есімнен еш шыққан емес. Дұғамнан тастамаймын. Ал осы кезде жылап-еңіреуден көз ашпаған анам Бифатима ешқайда шығуға қақысы жоқ аңдуда жүріп, Смағұл қажының бетіне жел-күн тимей өскен өр қызы, аса көрікті, ауыр жұмыста, ұрып-соққан таяқтың астында жүрсе де, оның шырқап салған зар құсалы әндерін ешкім тоқтата алмапты. Сонда сормаңдай апам небір зарлы әуендеріне темір тордағы әкемді, өлі-тірісі белгісіз айдаудағы қажы атамды, өзінің аштықта өлген балаларын қосып, барлық осы қасірет-қайғысын әнмен аңыратады екен. Десе де, көзі ашық, қайсар мінезді анам қамаудағы әкеме барып, небір қиындықтармен жолығып, көрісіп те қайтыпты. Содан көп ұзамай әкем мүттәйім бақ ішіндегі зындан түрмеден қашады. Жазуы әдемі, білімді кісі, өзіне «Ғали Айтхожин» деп сол уақытқа сай құжат жасап алады. Сөйтіп, тосқауылдардың бәрінен аман-есен өтіп, атақты Қора тауының биігіндегі көлдің маңында, қиын құз-жартастардың ішінде екі ай тығылып жатады. Адамды көрген аю үңгірінен шығып тау-тасты жаңғырта ақырып күресуге шақырады екен. Ахмет деген немере інісі ылғи тамақ әкеліп беріп жүріпті. Бірақ тағы бір өзі асырап адам еткен жамағайынның әйелі белсенді болып, «Айтхожин Ғали қашып келіп Қора тауында тығылып жатыр, ұстаңдар», деп көрсетеді. Содан әкем тықыр таянғасын, қарақтарымды енді тірі көремін бе, көрмеймін бе, бір құдай біледі», деп тек Төретұрсын мен Гүлмануардың суретін сұратып алдыртып, төс қалтасына салып, енді ұстайтын болғанда бір түнде Қытай асып, қашып кетеді. Бұл кезде ол балаларының аштан өлгенінен бейхабар екен. Сол сурет менің қолымда әлі сақтаулы. Мұнда Төретұрсынның 5 жастағы кезі. Басында найман тымағы бар. Үстінде шешем шақтап тігіп берген, өзіне құйып қойғандай елтірі ішік. Гүлмануар қызы  – оны Мәнетай дейтін аппақ, қыр мұрынды, екі көзі тостағандай, қап-қара, саусақтары сүйріктей. Үстінде қара пальтосы, 7 жасқа қараған шағы. Өскенде дәрігер болам дейді екен. Екеуі де Қарағаш мектебінде әкемнің өз алдынан оқып жүріпті. Төретұрсын оқулық кітапты құшақтап көтеріп тұр. Суреттің сыртында арабша және латынша әліпбимен ұсақ қып жазған әкемнің екі шумақ өлеңі: «Төретұрсын, Мәнетай, Бастағы ақылымсың. Қолқа-жүрек, Жалғанда жақынымсың»,  – деп келеді. Ес білгеннен есімде қалғаны әкем осы суретті жанынан тастамайтын.  – «Ағалар мен әпкемді аштық жалмап, Солардың армандарын өттім жалғап...». Сосын арғы бетте әке-шешеңіздің басы қайтадан қосылған ғой? – Әкем өзіндей қашқын бірнеше кісімен Қапал-Арасанның Мұзды асуынан өтіп, Сүйдін деген қалаға барып орнығады. Қорғастан қашық емес. Бұл 1933 жыл болса керек. Еті тірі, сауатты адамды бажханаға бастық етіп қояды. Жұмысын жүргізіп жүреді, бірақ уайым-қайғыдан құса болып жатып қалады. Ел-жұртын, ағайын-туыс, бала-шағасын, бәрін ойлап, қайғырып, сондай бір дертке ұшырайды. Сөйтіп жатып Ерзақ деген сенімді батыр досы арқылы елде қалған шешемді алдыртудың әрекеттерін жасайды. Нарынқол жағындағы шекаралық Моңғолкүре, Бұратола дейтін жерлердегі мұңғыл-қалмақтардың басшы адамдарына «Осы адамдар шекарадан өтсе маған хабарлаңдар» деп шешемнің суретін де жібереді. Сондай салмақ салуға әкемнің өтімді беделі де болған ғой. Шешем Қытайға балаларының ішінде жалғыз тірі қалған үлкен ұлы Шаяхметті жетелеп 1934 жылы қашады. Жол бойы көрмеген қорлық-азабы қалмайды. Іске татыр киім-кешектерін содыр-сотанақтар тонап тартып та алады. Ақыры, пұшайман халге түсіп келгенде бір биік ақ үйдегі төрде отырған төбедей қара қалмақ бұларды танып: «Жарқыным-ау, сен Бәтимасың ба?» деп, әкеме хабаршы жіберіпті. Кездеме берсе, ісмер шешем ұлы екеуіне бірсыдырғы киім тігіп алыпты. Өзі төсектен тұра алмай сал боп жатқан әкем пар атпен Ерзақ досын жіберіп, алдыртып, тағдыр талқысымен көз жазып қалған жар қосағымен, ұлымен солай қайта қауышып, табысыпты. Көрген қиянат, кешкен қасірет салмағы қаншама ауыр болса да, алдағы жарықтан үміттерін үзбей, өмірлерін қайта бастапты.  – «Алдымыздан құшағын ашып дәуір, Атажұртқа кеттік біз басып бауыр. Ақын Маруа төрінде Алматының Толғанып та, тебіреніп, Тасып та жүр!..»... Осы шумақтың мәнісін түсіндіріңізші. Неге Маруа? Себебі, менің азан шақырып қойған шын атым  – Маруа. Меккеде Маруа деген қасиетті тау бар. Ол жерде болған қажы атам: «Дүниеге қыз бала келер болса, атын Маруа қойыңдар» деп аманаттап кеткен екен.  – «Маруадай мәртебелі болсыншы деп, Қыз туса, Маруа деп атын қойсын!..» деп жырға қосатыныңыз сол екен ғой? – Иә. Менің кішкентай кезімдегі әке-шешемнің ортасында отырған суреттің сыртына: «Маруа  – биіктік, көтеріңкі шың, тау» деп жазып қойыпты. Содан, қасіретті, қиын жылдардан соң зарығып көрген жалғыз бала болғаннан кейін бар көңіл маған ауған ғой. Көп азап шеккен шешем мені онша жарытпапты. Сол кезде жас үйленген Шаяхмет ағамның келіншегі Сапар да босанып, өзінің қызы мен мені қатар емізеді. Сонда әзиз жеңгем: «Мен әлі жаспын ғой, тағы да бала көтеремін. Ата-енемнің мына өліп-талып көрген жалғыз қыздары аштан өліп қалмасын» деп көкірегін маған көбірек емізеді екен. Сөйтіп жүргенде, өз қызы шетінеп кетеді. Кейін осы жайды естігенде қатты толқып-тебірендім. Сапар жеңгемді өзімнің туған анамдай көріп кеттім. Сол кездің адамдары қандай мейірімді, қасиетті десеңізші?! Мен үшін осындай құрбандыққа барған ғой. Әрине, кейін көп бала көтерді. Қазір маған тете Елемес деген ұлы, өрбіген ұрпағы бар. Ал енді сол қайтқан қыздың аты Марфуға болған ғой. Ағамның қызы, сіңілім. Жабырқаған көңілдерін жұбатып, сол бір сәби Марфуғаны елжіреп еске ала жүру үшін мені бәрі Марфуға деп атап кетіпті. Маруа-Марфуның сырлы да шерлі тарихы осындай.   – «Маруа емес, Марфуға деп кетіпті, Айдай ару, шығармай қызын естен» деп жырлауыңыздың сырын енді түсіндім. – Айналайын, ақылды да сабырлы қызым Жанбота ана бір жылы Айтхожа қажы атасының жолымен қажылыққа барды. Сонда Меккеде Қағбаның қасиетті қара тасын сүйіп тұрып тілек тілегенде «Шын аты Анашымның Маруа ғой, Өз атын атау қажет қалайда енді»  – деп, мінәжатына менің Маруа атымды қосқан. Менің тағдыр-талайымның бұл да бір өзіндік сипаты шығар.  – Өзіңіз: «Құздарынан жөңкілген дауыл-көшкін, Мен тәкаппар Талқының тауында өстім... Бой асыра шыңдары биіктеген, Бірге ойнадым жартаста киікпенен. Қайсарлықты бойына құйған мықтап, Қарағайын тапжылмас сүйіп келем!» деп үкілеген қымбатты туған жердегі балалық, жастық шағыңызды еске түсіріңізші? Қызыл сызықтың арғы бетінде қалған туған жер, Қабдеш Жұмаділов айтпақшы, сіздің де бір осал жеріңіз екенін ішіміз сезеді... – Балалық, жастық шағымның аспаны бұлтсыз болды. Ата-анамның, туыс-туғанның мейіріміне бөленіп, атқа шауып бұлаңдап өстім. Мен ес білгенде әкем дүрілдеген үлкен қызметтерде жүрді. Жолқұрылыстың екінші бастығы болып, Қорғас-Үрімжі тас жолының салынуын өз қолымен атқарған кісі. 1949 жылдан бастап Құлжада тұрдық. Мен қазақ орта мектебінде оқи жүріп, кешкілікте орыс мектебінен сабақ алдым. Тұрмыстан кемдік көрген емеспіз. Қыста тау етегіндегі қаладағы үйді мекендеп, ал жазда Талқы тауын асып, Сайрам көлінің жағасындағы жайлауға баратынбыз. Желі-желі бие байланып жататын сонадайда. Жасыны жарқылдаған Талқының таулары маған өр болуды, жасымауды, өмірді сүюді үйретті. Сайрамның бұйра-тұнық толқындары, Іленің асау ағысы жанымды әлдилей тербеп, жастығымның көктемі табиғаттың сұлулығымен астасып, естен кетпес жерлерде өтті. Әкем Абайдың, Пушкиннің, Әуезовтің және көптеген басқа да ақын-жазушылардың кітаптарын әкеліп берді. Бұл кітаптар менің көкірегімнің көзін ашты. Қайран ана мені тал бесікте тербетіп отырғанда жүрегіне шер боп байланған артта қалған ел-жұртын армандап, зарлы әуенді төгілтеді екен. Сөйтіп, мені ерекше сағыныш сазымен әлдилеп, атажұртты аңсаған, туған елге аман-сау оралсақ деген арманға құндақтап өсіріпті. Бұл тек қана менің әке-шешемнің сағынышы емес, сонау қияпат заманда ордалы Отаннан еріксіз ауып кеткен бүкіл қазақтың шер-наласы болатын. Қаншама жақсы тұрмыс кешіп, үлкен қызметтерде жүрсе де, туған жердің бір уыс топырағы бұйырып өлсек арманымыз жоқ деп ет жүректері қарс айырылып отыратын әке-шешемнің. Олардың осы мөлдіреген көз жасындай әзиз шерлі армандары бала кезімнен кеудеме құймадай құйылып, ой-санама ана сүтімен сіңіп, көз жұмғанша өшпейтін керемет сурет болып қалыпты. Менің ақындық пешенеме, бір жағынан, осы жайлардың да үлкен әсері болғаны даусыз.  – «Тағдырым табыстырды Атажұртқа, Мен қалай өлең-жырды ұсынбаймын» деп асқақтай жырлайтын шаққа да жеттіңіз емес пе? – Шүкірлік. Ол арманға да жеттім. Жиырма екі жасымда аңсап келген атажұртым аялы құшағына алды. Өзім бұрыннан өлеңдеріне қанық Ғали Орманов, Сырбай Мәуленов, Тайыр Жароков, Ғафу Қайырбеков сияқты атақты ақын ағаларым алғашқы өлең-жырларыма сәт-сапар тілеп, ақындық өміріме зор ықпал жасады. Содан бергі барлық өмірім қара орманымның ішінде, қара шаңырақтың астында, қазақтың қара өлеңімен бірге өтіп келеді.  – Бұл шақтарда абырой-мәртебенің төріндесіз, Мәке. Халқыңыз берген «Қазақтың жыр аққуы» атағыңыз не тұрады. Осындай жанның арманы бар ма екен? – Арман неге болмасын. Жылдар өтіп, арман мен сағынышқа толы жырлар жазылып жатты. Күміс қоңыраулы құсни Құлжа, таудан құлап ағатын тасқынды Көлденеңсукертас, көкорайлы Мыңшұқыр, табиғат мүсіндеген Құсемшек, Жалғызқарағайдың бауыры, Талқының сауыры, Сайрамның сұлу айдыны, тұнығы бұрқақтаған Күркілдектің бұлағы  – осы жерлерді түсімде көріп жүремін. Көкірегіме көмілген арман отыз жылдан кейін (1988) іске асып, туған ел-жұртпен қауыштым. Талқының кезеңінен Сайрамға қарай асқанда туған жер көзіме оттай басылып, көкірегімнен жыр ағытылды. Анамның қабірінің басындағы ай-жұлдызды, қызыл мәрмәрдан орнатылған құлпытасы  – бәрі жақсы сақталыпты. Әкемнің өз қолымен ойып жазған «Бифатима Айтхожа қажы келіні, Ғалидың сүйікті жары» деген жазу тасқа емес, менің жүрегіме жазылғандай сезіндім. Айнала аппақ қар. Қабір басынан түрегелген кезімде көзімнен жас, жүрегімнен жыр сорғалады. Сол сапардан «Жапырақ сілкінген кеш» атты жыр жинағын жазып қайттым. Бұл кітап 1990 жылы Үрімжідегі «Ұлттар» баспасынан «Сағыныш сазы» деген атпен жарық көрді.  – Енді өткен жылдың соңында туған жерде толайым төркіндеп, кәделі жолыңызбен керемет ән-жыр шашуын шашып, құсни Құлжа халқына сағыныш сәлемін салған аққу-жүрек сапарыңыздың мән-жайын айта отырсаңыз? – Содан кейін шетелдерге, Бейжің, Шанхайға арнайы сапарлармен барып жүрсем де, туған жерге оралудың сәті түспепті. Жас ұлғайған сайын ақын жанның қиялы шарықтап, арманы үдей береді екен. Соның ең бастысы  – үлкен мерейтой алдында туған ел-жұртпен қауышып, шығармашылық есеп беріп қайтсам деген ой күні-түні жаныма тыншу-маза бермеді. Осы ойдың жүзеге асуына бірден-бір себепкер болып, екі елдің арасына жол ашып, бар жағдайымды жасап берген қазіргі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бауырым болды. Жаныма менің әндерімді айтып жүрген қазақтың күміс көмей атақты, айтулы әншілерін де қосып берді. Осы азаматтығы үшін Арыстанбек бауырыма мың алғыс. Екі мемлекеттің арасындағы арнайы келісіммен бекітілген ән-жырлы кездесу кешіміз желтоқсанның 7-сі күні Құлжа қаласында өтті. Менің шашбауымды көтеріп елден атақты әншілер Қабылаш Әбікей, Дәлел Уашев, Тілеубек Қожанұлы, Еркін Шүкіман, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, киногер Қалила Омаров сияқты азаматтар ере барып, мәжілісімізді көркейтті. Құрманғазы оркестрінің дирижері Жанас Бекентұров біраз күн бұрын барып сол жақтың оркестрімен жұмыс жасады. Құлжа сапарының табысты өтуіне, әсіресе, Тілеубек бауырымның еңбегі зор болды. Екі немерем Ермұрат пен Нәзік қолғанатым болып қасымда жүрді, қызым Жанбота азамат орнында атпал жүк көтеріп, сапарымды салиқалы түйіндеді. Ол жақтағы ағайын, арнайы келген кісілер әуежайдан әндетіп, өлеңдетіп, гүл шоқтарымен күтіп алды. Қаланың іші тұрғай, сонау кіндік қаным тамған Қорғастан да ақ қар, көк мұзға қарамай, ақын Мәди ағамыз бастаған үлкен-кіші көп қауым келіпті. Еңсесі биік Мәдениет сарайында кеш басталды. «Туған жерін аңсамайтын жан бар ма?» деп аталған шығармашылық ән кешімді Үрімжіден келген Жаңатай Кабдыкерімұлы мен Күнбике Нұрқызы қазақ һәм қытай тілдерінде кең тыныспен көсілте, құйқылжыта жүргізді. Әсіресе, Жаңатай өзі ақын, өзі сері, менің шығармашылығыммен жақсы таныс жігіт екен. Сөз маржанын түйдек-түйдек төгілте, бар болмысымды айшықтап ашып беріп отырды. Менің өлеңдеріме жазылған әндерді және өзімнің әндерім мен романстарымды өзімізден барған жезтаңдай әншілермен қоса сол жақтың бетке ұстар, Шыңжаңда кеңінен әйгілі, көбіне-көп Қытайдың бірінші дәрежелі әншілері шырқады. Тоқан Смағұлұлы, Айнұр Әбләмитқызы, Раушан Әбуқызы, Ораш Тұрсынбекұлы, Рәпия Ізтілеуқызы, Нұршат Зейіпханұлы сияқты осы ән мерекесін көркейткен іні-сіңлілеріме, ансамбль директоры әрі дирижері Смағұл Бөденбайұлы, Тоқтахмет Нұрманбетұлы, Әбілез Жүніс сынды композитор бауырларыма, үрімжілік журналист Тұрар Мұқанқызына дән ризамын. Залды сағыныш пен қимастық сазы кернеді. Ән толқыны көңілдерді тербеді. «Құлжадай қала бар ма самал ескен» деп басталып «Туған жерін аңсамайтын жан бар ма?», тағы басқа әндер менің туған жеріме, ондағы ағайын жұртыма салған, кіршіксіз шайы орамалдай желбіреген сағыныш сәлемім болды. Кешті Бейжің мен Үрімжі телеарналарының қазақ бөлімдері түсіріп жатты. Халық залға сыймай кетті. Көзкөргендерім, қимастарыммен бірге, әсіресе, кейінгі жастардың ықыласына елжіреп, көңілім босады. Көпшілік атынан сөз алған «Үш аймақ» көтерілісі кезіндегі полковник Нүсіпханның ұлы Уәлібек Нүсіпханұлы зайыбы, киноактриса, журналист Гүли екеуі сахнаға көтеріліп, иығыма шапан жауып, сый-жоралғыларын жасады. Мен де қарап қалған жоқпын, арнайы алып барған тарту-таралғыларымды әншілерге сыйладым. Кеш аяқталған кезде сахнаға лап қойып жүгіре шыққан үлкен-кіші, әсіресе жастар жағы көп болды. Түрегеп тұрып тоқтамай қол соққан қошемет. Кештен кейін де екі сағат орталарына алып сахнадан жібермеді. Өзімді көрмесе де өлеңдерімді жатқа оқып, әндерімді айта жүріп мені орталарына алып құшақтап, бірінен кейін бірі суретке түсіп жатты, қолтаңба алып жатты. Залдан: «Марфуғаш, айналайын! Әпкетай, апатайым!» деген дауыстар жан-дүниемді толқытып, тебірентті. Мұндайда ақын жүрек қалай елжіремесін. Сондай ғажайып, бақытты сәттерді бастан кешірдім. *      *      * ... Осылайша аққу сезімдердің ақыны көптен көкірегін күпті еткен арманына жетіп, ақындық һәм адами бақыттың толқынында тербелді, тағы да халық махаббатын еншіледі, ізгілікті дәнекерлігімен екі елдің арасындағы алтын көпірді одан әрі бекемдей жалғап асқақтата түсті. Құсни Құлжа бағында бұлбұлдай сайрап, Ілесімен үндесті. Талқысымен жүздесті. Саз әнінің мұхитын кештіріп, алау жырын әлеумет-әлемге естіртті. Ел мен жерге деген сағыныш, өмірге деген махаббат қазақтың айкөл ақыны, өз айдынын тапқан жыр аққуы Марфуға Айтхожина жүрегінде осылайша маздады! Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.